Қызылордада тәртіп сақшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдауда
Қызылорда облысының Полиция департаменті полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықты жою бойынша түбегейлі шаралар қабылдауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыбайлас жемқорлық ел дамуына кедергі келтіретін қоғамдағы қауіп-қатерлердің бірі. «Ғасыр дертіне» айналып бара жатқан проблеманы ауыздықтау – басты мақсат.
Сондықтан да оны болдырмау, алдыниалу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Осы орайда Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшы құрамымен кездесіп, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
– Сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылыққа қасақана жол бергендер заң аясында қатаң жазаға тартылады. Оларға біздің қатарымызда орын жоқ. Полицейлердің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасады, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.