Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

80-нен астам адамға бесік той жасаған Мақтаарал тұрғындары жауапқа тартылды

Түркістан облысында карантин талаптарын өрескел бұзып, бесік той жасаған тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин режимі енгізілгені баршамызға белгілі. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Осы тұста карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Мәселен, Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері сағат 11:40 шамасында Мақтаарал ауданының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада бесік тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 80-нен астам адам жиналған. Мобильдік топ тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатып, адамдарды үйлеріне тарқатты. Карантин талаптарын елемеген той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру