Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бірнеше ұрлыққа қатысы бар ер адам 5 жылға сотталды

Түркістан облысында тұрғындардың малын, мотороллерін ұрлаған жігіт бес жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс аудандық полиция бөлімінің тергеушісі өзінің кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында мал ұрлығы мен ұрлық, тонау қылмыстарына қатысы бар күдіктіні анықтады. Оның кінәсін дәлелдеп, айыптау актісімен істі сотқа жолдады.

Бұл жайында нақтырақ айтсақ, Арыс ауданы ПБ таңғы сағат 04:00 шамасында жергілікті тұрғын арызданып, көпқабатты тұрғын үйде орналасқан пәтерінің ауласына кешкі уақытта қойған Муравей мотороллерін белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 100 мың теңге. Аталған жайт тіркеуге алынды. Ақпарат алысымен осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Асанхан Сыздықов пен патрульдік полиция тобының инспекторы Бақытжан Шекербеков екеуі тез арада оқиға орнына жетіп, өзгенің көлігін айдап кеткен күдіктіні ұстау мақсатында жедел әрекетке көшті.

Полицейлер көшеде адам және көлік қозғалысының аздығын пайдаланып, көрген-білгендерден жауап алып үлгерді. Содан мотокөліктің Монтайтас ауылы аумағында тұрғаны туралы ақпарат алып, сол бағытқа қарай жүріп, жедел-іздестіру жұмыстарын атқарды. Полицей А.Сыздықов пен Б.Шекербековтер келгенде, мотороллер жол бойында тұрды. Жанында ешкім жоқ. Екі полицей де күдіктінің қайта келуі мүмкін екеніне күмәнданып, сол жерде күтеді. Бір мезетте көлікке жанармай әкеле жатқан күдіктіні байқаған тәртіп сақшылары, оны мотороллерге жақындаған сәтте ұстады.

Осылайша полицейлер, көлік пен оны айдап бара жатқан күдіктіні құрықтады. Анықталғандай, жаяу келе жатқан күдікті, аулада тұрған көлікті көріп, ақша қажет болғандықтан, ешкім жоқтығын пайдаланып оны заңсыз айдап кеткен. Бар ойы оны Шымкент қаласына апарып, сатып жіберу болған. Содан жанармайы таусылып қалғандықтан, жол бойына тастап кеткен.

Орын алған қылмыстық істі тергеп-тексеру Б.Анарбекке жүктелді. Тергеуші ұсталған күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексерді. Осылайша сотқа дейінгі тергеу кезінде ер адамның жалпы 10 қылмысты жасағаны анықталды. Яғни күдікті төрт тұрғынның жеті бас қойын жымқырған. Бір жәбірленушінің сиырын жайылымнан үптеп кеткен. Үш тұрғынның Муравей мотороллерін ұрлаған. Сондай-ақ келесі жәбірленушінің 15 мың теңгелік велосипедін қолды қылған. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі бір миллион теңгеден асқан. Одан бөлек жайылымда қой бағып жүрген жасөспірімнің бір бас қойын ашықтан-ашық тартып алып, тонап кеткен. Алайда соңғы қылмыс бойынша жәбірленушіден кешірім алып, іс қысқартылған. Белгілі болғандай, күдікті ер адам ұрлап алған өзгенің мал-мүлкін арзан бағаға сатып, ақшасын букмекерлік ойынға салған. Қалған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) және 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынып, іс құжаттар жинақталып, сотқа жолданды.

Сот үкімінен 30 жастағы күдікті ер адам мал ұрлығын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек 188-бап (Ұрлық) қылмысы бойынша екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру