Тараздық әйелдің алтын бұйымдарын бұрынғы күйеуі ұрлап кетті
Тараздық әйелдің алтын бұйымдарын бұрынғы күйеуі пәтерге кіріп, ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қалалық Полиция басқармасына 46 жастағы қала тұрғыны арызданды. Азаматша өзінің бұрынғы күйеуі пәтерге жасырын кіріп, құны 875 мың теңге болатын алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін хабарлады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Тараз қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері облыс орталығының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұсталған азамат кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, тергеу жүргізілуде.
Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.