Түркістан облысында 4 шетел азаматы елден аластатылды
Түркістан облысында төрт шетел азаматы елден аластатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында «Заңсыз келуші-2021» іс-шарасы қорытындыланды. Басты мақсат – облыс аумағындағы шетелдіктерді тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау, сонымен қатар, ҚР-ға келу, болу, кету ережелерін сақтау.
Мәселен, Қазығұрт ауданында жалпы 13 заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматы анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің баптарына қатысты хаттамалар толтырылды. Атап айтар болсақ, 517-бабына (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) сәйкес, Қазығұрт аудандық сотының қаулысымен төрт шетел азаматы елден аластатылды.
Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша алты азаматқа әкімшілік хаттама түзілді.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері аталған іс-шарада тек құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертеді.