Тоқтарбек Аширбаев: «Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болғанымды мақтан етемін»
Тәуелсіздікпен тұспа-тұс дүниеге келген шымкенттік полиция капитаны Тоқтарбек Аширбаев тәртіп сақшысы болуды армандап өскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отанға, халыққа адал қызмет атқарудың қаншалықты абыройлы міндет екенін жастай ұғынған сақшы ата жолын қуып, осы мамандықты таңдаған. Ол бала кезден атасы – ішкі істер органының зейнеткері полиция полковнигі Аманкелді Аширбаевқа қарап бой түзеп, тәртіп сақшысы болуды армандаған.
Сол арманның жетегінде 2006-2009 жылдары Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери мектебін бітіріп, әрі қарай полиция қызметкері болу мақсатында 2009-2011 жылдары ҚР ІІМ Павлодар Заң колледжін үздік тәмамдаған. Ал еңбек жолын ОҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен бастап, 2017 жылы ОҚО Шымкент қаласы ЖППП кезекші бөлімінің аға кезекші қызметіне тағайындалып, 2018 жылы ЖППП қызмет инспекторы лауазымында қызмет еткен.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы Полиция департаментінің ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің 5-рота командирі лауазымында қызметті абыроймен атқарып келеді.
– Мен егемен елімізде туып-өскенімді және де тәуелсіздікпен түйдей құрдас болғанымды мақтан етемін. Біздің, яғни жастардың бағындырған белесі – бұл еліміздің жетістігі. Отанға, халыққа қызмет ету – менің азаматтық борышым деп білемін. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақтың болашағы баянды болатынына кәміл сенемін, – дейді Тоқтарбек Мырзакелдіұлы.
Осы орайда тәуліктің кез келген уақытында тынбай қызмет етуге серт берген полиция капитаны қызметтес әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Сондай-ақ Тоқтарбек – үш баланың әкесі.