Шымкентте ҚР Тәуелсіздігі күніне орай үздік полицейлер марапатталды
Шымкентте ҚР Тәуелсіздігі күніне орай үздік полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласының Полиция департаментінде қызметінде биік көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, ішкі істер органдарының қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Қала әкімі тәуелсіздік жылдарында полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жетістіктерін атап өтіп, қаламызда тәртіп сақшыларының азаматтарға қызмет көрсету жолында жаңа бастамалар жүзеге асқанын айтты.
– Шымкенттің республикалық дәрежедегі қалаға айналуы полиция қызметкерлеріне де жаңа міндеттер жүктеді. Қаламызда полицияның азаматтарға қызмет көрсету орталықтары ашылды. Құқық қорғау органдарының фронт-кеңсесі қалалық “Nur Otan” партиясының филиалы жанынан да құрылды. Сонымен бірге халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 100 мобильді полиция бекетін салу бастамасы іске асырылуда, – деді М.Әйтенов.
ПД бастығы Ералы Жумаханбетов жеке құрамды атаулы мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық пен береке-бірлік тіледі.
– Халық пен полиция арасында сапалы жаңа қарым-қатынастар құру және ішкі істер органдарына азаматтардың сенім деңгейін арттыру – өте маңызды міндет. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында, полиция қызметкерлері “жұртқа жақын полиция” қағидаты бойынша қызмет атқаруы туралы атап өтті. Осыған сәйкес халықтың полицияға деген сенімін арттыру үшін жұмыла жұмыс жасауымыз қажет, – деді Ералы Жумаханбетов.
Іс-шарада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығын қорғау жолында ерекше көзге түсіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бірқатар қызметкерлері марапатталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл” медалімен 10 қызметкер, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен төрт қызметкер, ІІ-дәрежелі “ІІО-ның үздік қызметі үшін” төс белгісімен үш қызметкер, ҚР ІІМ-нің грамотасымен үш қызметкер, ҚР ІІМ-нің алғыс хатымен екі қызметкер марапатталды, сондай-ақ үш қызметкерге арнайы шен беріліп, 9 қызметкерге алғыс жарияланды.
Сонымен қатар Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтің бұйрығымен департаменттің грамотасымен 33 қызметкер, алғыс хатымен 32 қызметкер марапатталып, 28 қызметкерге алғыс жарияланды.
Одан бөлек, ағымдағы жылдың тамыз айында Украина мемлекетінде джиу-джитсудан Әлем чемпионаты және қыркүйек айында Біріккен Араб әмірлігінде Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының атынан қатысып, жүлделі орындарға ие болған Шымкент ҚПД-нің қызметкерлері Қымбат Ахмет пен Ғалымжан Қатпаевты, сондай-ақ қараша айында Түркістан қаласында кәсіби волейболдан өткен Жоғарғы лигада 1-ші орынды иемденген полиция қызметкерлерінен құрылған “Динамо Шымкент” командасын департамент бастығы арнайы құттықтады.