Қостанайлық полицей-спортшылар ҚР Ішкі істер министрінің марапатына ие болды
Қостанайлық полицей-спортшылар ҚР Ішкі істер министрінің марапатына ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығы президентінің жүлдесі үшін каратэден республикалық турнир (ҚЖӨА) 18-19 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жарысқа барлығы ҚЖӨҚ құрамына кіретін федерациялардан таңдаулы 16 спортшы қатысты, олардың ішінде Қостанай облысының Полиция департаменті жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Аманбек Жаманқараев бар.
Полиция қызметкері 75 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында үздік деп танылды. Арнайы жасақ қызметкері бірінші және екінші жекпе-жекте қарсыласын мерзімінен бұрын нокаутпен жеңіп, келесі кезеңдерде ұпай бойынша алға шықты.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық қарсыластар мықты және жеңіске лайықты десем болады. Себебі бұл жарысқа әртүрлі жекпе-жектің ең үздіктері қатысты. Қостанай облысының Жауынгерлік өнер қауымдастығының қолдауы мен артқан сенімі үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ осы турнирге дайындалуыма командиріміз Жәнібек Мұхамеджанов пен взвод командирі Қуаныш Бабакаев ерекше көңіл бөліп, көмек көрсетті, – деп атап өтті жеңімпаз.
Аманбек Жаманқараев – джиу-джитсу және жауынгерлік самбодан спорт шебері, естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында ол Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында күміс медальге ие болған еді.
Сондай-ақ облыстық ПД жедел қимылдайтын арнайы жасағының екі қызметкері Сая Әуелбекова мен полиция Асқар Абдулла Ішкі істер министрінің марапатына ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, спорттағы жоғары жетістіктері үшін Ерлан Тұрғымбаев полицей-спортшыларға медальдар мен алғыс хаттар табыс етті.