Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының тумасы Талғарда ішімдік ішіп, бұзақылық жасаған

Түркістан облысының тумасы Талғарда ішімдік ішіп, бұзақылық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талғар ауданының полициясына шағымданған 18 жастағы бойжеткен белгісіз біреудің оны еш себепсіз ұрып, дене жарақаттарын салғанын айтқан. Көшедегі бейнебақылау камераларының және бойжеткеннің ұялы телефонына түсірген бейнежазбаларын зерделеген тәртіп сақшылары күдікті азаматты жылдам анықтады.

– Бұзақылық дерегіне қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы Түркістан облысында туған азамат ұсталды. Іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында жүргізілуі тиіс сараптамалар жасалынды. Күдікті азамат тергеу аяқталғанға дейін мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, – деді Талғар ауданы ПБ бастығы Джанбулат Зиадин.

Алдын ала тергеу барысында мас күйдегі күдікті мен көшеде келе жатқан бейтаныс бойжеткен арасында көшеде сөзге келіспеушілік орын алған. Содан кейін күдікті көше бойындағы бірнеше көліктің үстіне шығып, оларды бүлдіріп, көлік иелеріне материалдық шығын әкелген. Оның бұзақылық әрекеттерін ұялы телефонына түсіргенін көрген күдікті бойжеткенді ұрып, дене жарақатын салған.

Қазіргі уақытта күдіктінің әрекетіне қатысты көлік иелерінен де полицияға арыз түсті. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру