Түркістан полицейлері көршісінің алтын бұйымдарын жымқырған күдіктіні ұстады
Түркістан полицейлері көршісінің алтын бұйымдарын жымқырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданған. Оның айтуынша, өзінің тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп жатын бөлмеде тұрған алтын бұйым әшекейлері мен әмиянындағы 300 мың теңгесін жымқырып кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 550 мың теңгені құрады.
Шардаралық полицейлер тәулік ішінде күдікті жас жігітті анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті жігіт жәбірленушінің көршісі болып шықты. Әйелдің үйінен шығып кеткенін көрген күдікті өз арам ойын жүзеге асырған. Бүгінде қолды болған әшекейлер толықтай заңды иесіне қайтарылды.
Әшекей бұйымдарының табылғанына қуанған тұрғын полицейлерге өз алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.