Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда спирттік ішімдік сатуға лицензиясы жоқ бардан алкоголь өнімдері алынды

Петропавл полицейлері спирттік ішімдіктер сатуға лицензиясы жоқ бардан алкоголь өнімдерін алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері спирт өнімдерін сатуға лицензиясы жоқ ресто-бардан 55 литр алкоголь тәркіледі. Аталған факті “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды.

Тексеріс кезінде бар иесі тиісті лицензияны өзінің басқа дүкенінің мекенжайына ресімдеген. Ал бардағы спирттік өнімдер рұқсат құжатынсыз сатылып келген. Кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материал жиналды. 55 литр түрлі алкоголь өнімдері алынды.

– Алкогольге қарсы заңнамаларды бұзу полицейлердің ерекше назарында. Спирттік ішімдікті асыра пайдалану – басты криминогендік факторлардың бірі. “Құқықтық тәртіп” ЖПІШ 5 күні ішінде облыста отбасылық-тұрмыстық салада 48 бұзушылық, 56 ұсақ бұзақылық анықталды. Осы сияқты және басқа да заң бұзушылықтар, әдетте алкогольдік масаң күйде жасалып жатады. Масаң күйде көлік басқару жол-көлік оқиғаларының қаупіне әкеп соғады, айта кететіні, ЖПІШ шеңберінде 22 мас жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе масаң күйде жүрудің 175 фактісі анықталды. Мұндай фактілердің санын азайту – полиция жұмысының мақсаттарының бірі, – деп түсіндірді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.

ЖПІШ өткізу кезінде СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 103 литр алкогольдік өнім алды. Облыста жыл басынан барлығы 4400 литрден астам құрамында алкоголь бар өнімдер алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру