Алматы облысы ПД-і қаза тапқан қызметкерлердің жақындарына көңіл айтады
Алматы облысы ПД-і қаза тапқан қызметкерлердің жақындарына көңіл айтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Полиция департаменті қаңтар айында болған оқиға салдарынан қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
«Өкінішке орай, олардың арасында біздің екі әріптесіміз бар. Жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Дархан Барғанаев пен әділет прапорщигі Ербол Ержанов құқықтық тәртіпті қорғаудағы қызметтік міндеттерін орындау барысында өмірін құрбан етіп, ел алдында берген антына адал екендерін дәлелдеді», – деді полицияда.
Әділет прапорщигі Ербол Ержанов ішкі істер органдарына 1999 жылы келіп, осы кезге дейін абыроймен қызмет атқарды. Жас қызметкерлерге тәлімгер болды. Ол екі бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке, антына адал, үлгі тұтарлық қызметкер болды.
Полиция лейтенанты Дархан Барғанаев ішкі істер органдарына 2011 жылы қызметке келген. Қызмет атқару кезінде ол үнемі өзінің кәсіби шеберлігін арттырып, қауіпсіздікті жақсартуға ұмтылды.
Ерлікпен қаза тапқан екі қызметкер де қайтыс болғаннан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталды.