Жамбылда Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар екі күдікті ұсталды
Жамбылда Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар екі күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қаңтарда Қордай ауданында Алматы-Ташкент тас жолындағы блок-бекетте полиция қызметкерлері мемлекеттік номері жоқ Subaru Forester автокөлігін тоқтатқан. Көліктің ішін тінту кезінде 12 калибрлі 10 мылтық, бір пневматикалық тапанша және жүксалғыштан аңшылыққа арналған құралдар анықталды.
Тергеу барысында 24 жастағы автокөлік жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушысының Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар екендігі анықталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 291-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Қордай ауданы аумағындағы екі блок-бекетте 100-ге жуық полиция қызметкері мен әскерилер тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыстылыққа қарсы күресуде қызмет атқаруда.