Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-дағы бекеттерде полицейлер 5 бұзушылықты анықтады

СҚО-дағы бекеттерде полицейлер бес бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Коменданттық сағат енгізілген алғашқы күннен бастап Солтүстік Қазақстан облысының аумағында төтенше жағдайға байланысты 25 бекет орналастырылып, жұмыс істеуде: бесеуі Петропавл қаласының айналасында, 20-сы облыс аудандарында орналасқан.

Петропавл бекеттерінде облыстық полиция аппаратының, қалалық Полиция басқармасының, сондай-ақ Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуде. Осы күндері өткізу бекеттерінен 22 278 көлік өтіпті. 481 көлік құралына өтуге рұқсат берілмеген.

Бақылау-өткізу режимінде барлық өткен көліктер мұқият тексеріледі. Әрбір адамға өңірге және Петропавлға кіру және шығу, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлерін қоспағанда, барлығына шектелгені түсіндіріледі. Сондай-ақ, медициналық көрсеткіштер бойынша өтіп бара жатқан, стационарларда емделіп жатқан адамдарға шектеу қойылмайды. Полиция бекеттері арқылы жұмыс орнынан анықтамасын көрсеткен азаматтардың және тұрғылықты жеріне келетін азаматтардың, транзиттік жүк көлігінің өтуіне рұқсат етіледі.

СҚО комендантының орынбасары, СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, кіру мен шығудың, яғни бекеттерді айналып өтудің бес фактісі тіркелген. Тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі үш тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бір құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.

– Көлік санының көп болуы, қолайсыз ауа райы, үлкен жауапкершілік – бұл жағдайлардың барлығы халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарына да қосымша жүктеме жүктейді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қабылдайтын барлық шаралар азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған, барлық шектеулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, – деді полицияда.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде шектеу шаралары мәселелері бойынша азаматтар жүгіне алатын 61-25-42 телефон нөмірі бойынша тәулік бойы Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылғанын еске салады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті тұлғалар, фактілер, сондай-ақ төтенше жағдай режимін бұзу туралы барлық ақпаратты «102» арнасына хабарлауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру