Елордалық полицейлер 40-тан астам шетелдікті елден шығарды
Төтенше жағдай режимі кезеңінде елордада 41 заңсыз келуші Қазақстан Республикасынан шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта елордада жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары тиісті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Бір тәуліктің ішінде қалада 11 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ, 105 жол-көлік оқиғасы тіркелді, жарақат алғандар жоқ.
Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері 353 белгіленген режимді бұзу немесе мемлекеттік орган белгілеген талаптарды орындамау фактісі тіркелді. Кінәлілерге қатысты шешімді сот қабылдады.
Төтенше жағдай кезінде елорда көшелері мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған шетелдіктерді анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Базарлардың, сауда үйлерінің, супермаркеттер мен құрылыс нысандарының және т.б. аумағында жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Көші-қон заңнамасын бұзудың 1300-ден астам фактісі анықталды, оның ішінде 295 факті шетел азаматтары тарапынан жасалған, 41 шетел азаматы елден шығарылды. Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқаны және тұрғын үй иелерінің өз үйлерінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергендері үшін Қазақстан Республикасының 940-тан астам азаматы жауапкершілікке тартылды. Еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді қабылдаған 82 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған профилактикалық іс-шараны өткізу барысында полиция қызметкерлері елде болу мерзімі өткеннен кейін кетуден жалтарған екі шетел азаматын анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен шетелдіктер Республикадан тысқары жерге шығарылды.
Учаскелік полиция инспекторлары 5882 жалдамалы тұрғын үй мен 490 хостелді тексерді.