Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 6 ер адам құрықталды
Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 6 ер адам құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кербұлақ ауданының тұрғындары қаңтар айының басында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталып, уақытша қамаққа алынды.
– Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы тұрғын ұсталды. Тәртіп сақшылары келтірген айғақтардан кейін ол тәртіпсіздік кезінде заңсыз алып кеткен қару жарақтарын қайтарып, сыбайластарының жеке тұлғаларын айқындап берді, – деді Кербұлақ ауданы ПБ бастығының орынбасары Алмас Бекиев.
Ұсталған тұрғынның айтуынша, ол таныстарымен бірге Талдықорған қаласындағы бейбіт шеруге қатысуға барған. Сол түні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде күдіктілер белгісіз адамдардан Калашников автоматын, Макаров тапаншасын және олардың оқ-дәрілерін алып, көліктеріне салып қойған. Сонымен қатар, олар мекемелердің бірінен автокөліктің төрт дана дөңгелегін олжалаған. Заңсыз тапқан дүниелерін сыбайластар өзара бөлісіп алған.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 6 тұрғын қылмысқа қатысы бар деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олардан тәртіп сақшылардан қолды болған автомат пен тапаншалар, олардың оқ-дәрілері, көлік дөңгелектері тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді, – деп толықтырды Алмас Бекиев.
Тәртіп сақшылары тергеу барысында күдіктілердің әрекеттерін және олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтайтын болады. Сонымен қатар, олар қандай мақсатта атыс қарулары мен оқ-дәрілерін иемденіп, алып кеткенін тексереді.