ШҚО полицейлері көлік ұрлаумен айналысқандарды ұстады
ШҚО полицейлері көлік ұрлаумен айналысқандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алтай ауданының ПБ кезекші бөліміне 65 жастағы зейнеткер арызбен жүгінді. Кешкі уақытта қала көшелерінің бірінде орналасқан үйінің ауласынан белгісіз тұлғалар оның ВАЗ автокөлігін ұрлап кеткендігі туралы айтқан. Осылайша 600 мың теңге залал келтірді.
Аталған іс бойынша дереу полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде тәртіп сақшылары 30 және 28 жастағы екі күдікті жергілікті тұрғын ұсталды. Күдікті қос азаматтан жауап алу кезінде олар кінәларын мойындаған.
Ұсталғандарға қатысты келу міндеттемесі түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Алайда келесі күні «102» жедел арнасына Катонқарағай ауданының 30 жастағы тұрғынынан үйінің ауласында тұрған ВАЗ-2107 автокөлігін айдап әкеткендігі туралы тағы бір қоңырау келіп түскен. Жәбірленушінің айтуынша, ол сол күні танысына қонаққа келген, кешкісін көлік үйдің ауласында тұрған, сол уақытта, көліктің багында 40 литр бензин болған. Алайда таңертең көлікті қойған жерінен таппаған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, кеше ғана бұлтартпау шарасы таңдалған 30 жастағы ер адамның басқаруымен ұрланған көлік Өскемен-Алтай тас жолында полицейлердің қолына түскен.
Екінші ұсталғаннан кейін күдікті қамауға алынды.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.