Алматы облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші анықталды
Алматы облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданы ПБ патрульдік полицейлері 16 қаңтар күні автопатрульдеу кезінде Бақанас ауылында жүрісі күдік тудырған Audi-100 автокөлігін тоқтатып, құжаттарын тексеру кезде көлік жүргізушісінің масаң күйде екенін анықтаған.
Жүргізілген медициналық куәландырудың қортындысына сәйкес, көлік жүргізушісі масаң күйде көлік басқарғанын дәлелдеген.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушінің 2019 жылы Балқаш аудандық сотының шешімімен үш жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Іс материалдары жинақталып, сот органдарының қарауына жолданатын болады, – деді Балқаш АПБ бастығы Дәурен Құтпанов.
Полиция басшысының ақпараты бойынша, құқық бұзуға бейім жүргізуші тізгіндеген Audi-100 көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылған. Іс бойынша сот шешімі шыққан соң, көлік заңды иесіне табысталатын болады.