Павлодар облысында әйелдерге қатысты қылмыстар 5%-ға төмендеген
Павлодар облысында әйелдерге қатысты қылмыстар 5%-ға төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық қолайсыздық, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Павлодар полицейлері үнемі профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады.
– Бүгінгі таңда жеке профилактика шараларының бірі – қорғау нұсқамасын шығару және соттардың құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Мәселен, 2021 жылы отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылыққа жол берген 6020 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының тағы бір шарасы ҚР ӘҚБтК 54-бабын (Құқық бұзушының мiнез-кұлқына ерекше талаптар белгiлеу) қолдану, яғни, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Құқық бұзушылықтарды қарау нәтижелері бойынша, полиция хаттамалары негізінде соттар 655 құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талап қойды. Оның ішінде 611 отбасылық жанжалқорға алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салу белгіленді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста тұрмыс саласында құқық бұзушылыққа жол берген 2926 адам, денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 943 азамат және ұрып-соққаны үшін 292 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.