Арал ауданында нәзік жандар да ел тыныштығын қорғауда
Арал ауданында нәзік жандар да ел тыныштығын қорғауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақерке Cұлтанбекқызы өз ісінің нағыз маманы, қыз мінезіне тән емес мамандықты игеріп, сол жолда табандылықпен қызмет етіп келеді.
Полиция капитаны А.Сұлтанбекқызы ҚР ІІО-дағы қызметін 2016 жылдан бастаған. Сол уақыттан бері қазіргі лауазымын атқарып келеді. Қызметпен қатар ол ауданның тұрмысы төмен отбасындағы, қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық көмек көрсетумен айналысып, бөлімнің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады.
А.Сұлтанбекқызы пандемияда аудан халқын сақтыққа шақырып, темірдей тәртіпті күзетіп, халық сақтығы үшін қызмет етіп карантин кезінде және 5-19 қаңтар аралығында елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Арал қаласының шығыс бетіндегі кіреберісте құрылған Арал-Арка блок-бекетінде тәулік бойы кезекшілікке түсіп, ер азаматтармен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан нәзік жанды полиция қызметкері.
Арал қаласына кіреберістегі ең үлкен бекет болғандықтан, көлік қозғалысы күндіз-түні тыйылмайды, сондықтан қырағылық танытып, әрбір көлікті мұқият тексеру қажет. Бұл үлкен жауапкершілік.
– Ішкі істер саласы ер азаматтарға арналған мамандық деп жатады. Мүлде келіспеймін. Осы салада мінсіз қызмет етіп жүрген қазақтың арулары жетерлік. Өзімнің қызметім жайлы айтатын болсам, бекітілген аймағым бойынша кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізіп, қылмыстардың алдын аламыз. Полиция қызметкері мамандығын таңдап, оны өміріме серік еткелі бері тәуелсіз еліміздің өсіп, өркендеуіне перзенттік үлесімді қосып келе жатқанымды мақтан етемін, – дейді Ақерке Сұлтанбекқызы.