Түркістан облысында «Тұрмыс» іс-шарасы барысында 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысында «Тұрмыс» іс-шарасы барысында 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде Түркістан облысында 217 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 77 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, 19 құқық бұзушының мінез-құлқына сот арқылы ерекше талап белгіленді.
Ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алкогольдік ішімдіктерді шектен тыс қолданатын 28 тұлға, есірткі заттарын, психотроптық және токсиндік заттарды медициналық мақсаттан тыс қолдануға жол беретін үш тұлға алынды.
Одан бөлек, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін дұрыс орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін 18 ата-ана есепке алынып, олармен түсіндірме жұмыстары атқарылды.
Ескерте кетсек, Мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырмасын жүзеге асыру, қылмыстық жағдайды сауықтыру, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында 24-30 қаңтар күндері аралығында ел аумағында «Тұрмыс » республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.