Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы жеке құрамға өзінің жаңа орынбасарын таныстырды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Ержан Саденов ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын дамытуға ерекше көңіл бөледі және ведомство алдына азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес және полицияның халықпен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуі бойынша нақты міндеттер қояды. Ержан Саденов аумақтық полиция бөлімшелерінде мол тәжірибеге ие бола отырып, жаңа лауазымда осы міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін салады деп үміттенемін», – деді министр Ерлан Тұрғымбаев өзінің жаңа орынбасарын жеке құрамға таныстыру кезінде.

Ержан Сапарбекұлы Саденов 1968 жылы туған. Құқық қорғау органдарындағы жұмысын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы ІІБ ауданаралық жедел-іздестіру бөлімінің жедел уәкілі лауазымынан бастады.

Басшылық лауазымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Әр жылдары ІІМ орталық аппаратында Департаментті, сондай-ақ, Ақмола облысы және Көліктегі полиция департаменттерін басқарды. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. Полиция генерал-майоры атағы бар.

Қалыптасқан криминогендік жағдайды ескере отырып, кадрлық әлеуетті нығайту, қылмысқа қарсы күресті күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету үшін ішкі істер министрінің бұйрығымен Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша министрдің бұрынғы орынбасары Заппаров Арыстанғани Расилханұлы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру