Түркістан облысында мас халде көлік басқарып, ЖКО жасаған жүргізуші ұсталды
Түркістан облысында мас халде көлік басқарып, ЖКО жасаған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға Жетісай ауданының жедел жәрдем бөлімінен тұрғынның бірі түрлі дене жарақатымен түскендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Ақпарат алған бетте Жетісай АПБ-нің полиция қызметкерлері шұғыл жетіп, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтан жауап алды.
Белгілі болғандай, Жетісай ауданы аумағында AUDI-100 автокөлігінің жүргізушісі спирттік ішімдік ішіп, масаң күйде автокөлікті жүргізіп, басты жолдағы автокөлікті өткізіп жібермей, ВАЗ-21114 автокөлігін соғып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Салдарынан ВАЗ-21114 жүргізушісі, яғни жәбірленуші ер адам дене жарақатын алып, Жетісай аудандық орталық ауруханасына түскен.
Сараптамалар тағайындалған. Нәтижесінде, жүргізушінің дене жарақаты «орта дәрежелі» екені айқындалды. Ал жол апатына себепкер болған AUDI-100 көлігі жүргізушісінің құжаттарын тексеру кезінде мүлдем жүргізуші куәлігін алмағаны белгілі болды. Және медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысымен «орта дәрежелі» масаң күйде болғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 345-1-бабымен (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немсе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі таңда оның көлігі айыптұраққа қойылып, орын алған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.