Маңғыстаулық полицейлер үш жасөспірімді өрттен аман алып қалды
Маңғыстаулық полицейлер үш жасөспірімді өрттен аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпан күні Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылындағы үйлердің бірінен өрт шығады. Оны ешқандай шақырту түспестен бұрын, сол елді мекеннің учаскелік полиция инспекторы елді мекен ішіндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында патрульдеп жүрген кезінде аңғарады.
Учаскелік инспектор Әмір Қойшанов еш кідірместен үй ішіне кіріп, сол үйдің тұрғындарын ескертеді. Көмекке келген әріптесі Маңғыстау станциясының желілік полиция қызметкері Нұрсұлтан Қайыпбергеновпен бірлесе өрт шығу ошағы болған 2-қабаттағы пәтердін ішінде болған үш жасөспірім балаларды эвакуациялайды.
Тұрғындардың барлығын қауіпсіз аймаққа тасымалдап, полицейлер өрт сөндіру қызметіне шақырту түсіреді. Өрт сөндіру қызметкерлерінің күшімен өрт сөндіріледі.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі шапшаң әрекеттерінің арқасында оқиға орнында ешқандай адам шығыны болмады. Жасөспірімдердің анасы сол сәтте үйде болмағандығын жеткізіп, тәртіп сақшыларына қызметтері үшін және балаларының өмірін сақтап қалғандықтары үшін шексіз алғысын білдірді.
– Біз үшін ең бастысы адамдардың амандығы болды. Бұл ешқандай да ерлік әрекет емес. Бұл біздің тікелей азаматтық борышымыз және қызметтік міндетіміз деп білеміз. Қызметте жүргенде неше түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Қуанышқа орай, адам шығыны болмады. Үй ішінде жалғыз қалған жасөспірімдердің өміріне де ешқандай қауіп төнбеді, – деп атап өтті Маңғыстау ауылының учаскелік полиция инспекторы Әмір Қойшанов.