Шахтинск полицейлері пәтерден зергерлік бұйымдарды ұрлаған жігітті ұстады
Шахтинск полицейлері пәтерден зергерлік бұйымдарды ұрлаған жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 ақпан күні Қарағанды облысы Шахтинск қаласының полиция бөліміне 48 жастағы қала тұрғыны арызбен жүгінген. Жәбірленуші әйел жұмыста болған кезде белгісіз біреу терезені ашып пәтерге кіріп, әшекей бұйымдарын ұрлап кеткенін айтты. Келтірілген шығын көлемі 490 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 23 жастағы жігітті ұстады. Ұсталған күдікті қылмысын мойындады. Заттай айғақ алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.