Түркістан облысының полицейлері экстремистік материалдарды жариялаған күдіктіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері экстремистік материалдарды жариялаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысының полицейлері мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері интернетте экстремистік сипаттағы тыйым салынған материалдарды орналастыру дерегін анықтады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі ВКонтакте және Telegram парақшаларында діни алауыздық белгілері бар экстремистік бейнероликтер мен мәтіндік хабарламалар жариялағаны анықталды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 256-бабы 2-бөлігі (Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, күдіктіні тұрғылықты жері бойынша ұстады.
Ол Созақ ауданының тұрғыны, деструктивті-діни ағымның жақтаушысы болып шықты. Оның үйін тінту кезінде жедел уәкілдер телефондар, ноутбук және тыйым салынған діни әдебиеттерді тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.