Атыраулық полицейлер өрт шыққан үйден 60-қа жуық тұрғынды эвакуациялады
Атыраулық полицейлер өрт шыққан үйден 60-қа жуық тұрғынды эвакуациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпан күні сағат 06:00 шамасында Авангард-3 мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатында өрт шыққаны туралы 102 операторына хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу барған патрульдік полиция автопатрульдеу экипажының қызметкерлері Жәнібек Елемесов пен Еламан Төлешов өрт шыққан үйдің тұрғындарын дереу эвакуациялау жұмыстарына кіріскен. Олар бес қабатты үйдің өрт шыққан подъезінің әр пәтерінің есігін қағып, 60-қа жуық тұрғынды дереу далаға шығарған.
– Мынау мен тұрған екінші қабат, ал үшінші қабаттағы көршіміздің балконынан өрт шыққан. Оны өздері білмейді, әбден өрт болып жанып кеткенде білген. Дереу келген полицейлер мен өрт сөндірушілер бізге көмектесіп, бар киімімізді киіп далаға шықтық, – деді өрт шыққан үйдің тұрғыны.
– Хабарлама бойынша келген бойда халыққа көмектесуден басқа ештеңе ойлаған жоқпыз. Өрт шыққан үйдің тұрғындарын шұғыл қауіпсіз жерге шығардық, – деді полиция қызметкері Еламан Төлешов.