Алматыдағы тергеу изоляторына қызметтік иттердің көмегімен тінту жүргізілді
Алматыдағы тергеу изоляторына қызметтік иттердің көмегімен тінту жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы Ішкі істер министрлігіне қарасты Кинологиялық орталыққа есірткі заттарын анықтау үшін ЛА-155/18 мекемесіне қызметтік иттерді пайдалана отырып, тінту жүргізу туралы арнайы хат жолдаған болатын.
Жуырда аталған хат негізінде Алматыдағы тергеу изоляторында Кинологиялық орталық қызметкерлері тінту жүргізді. Аталған жұмысқа Ұлттық ұланның 12 қызметкері және Полиция департаментіне біліктілігін арттыруға келген полиция қызметкерлері қатысты. Тінту есірткі іздеуші үш иттің көмегімен жүргізілді.
Жұмыс барысында тергеу изоляторының сегіз посты мен сәлемдемелер қабылдайтын орындар тексерілді. Нәтижесінде, тұтқындар отыратын камералардың бірінен бұзылған шәйнектің ішіне жасырылған inoi және Nokia телефондары табылды.
Алдағы уақытта ІІМ Кинологиялық орталығы мамандарының және есірткі іздеуші қызметтік иттердің көмегімен әр тоқсан сайын бір рет тінту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.