Шымкенттің бас полицейі қаңтар оқиғасында жарақаттанған қызметкерлердің ата-анасына құрмет көрсетті
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының атынан қаңтар оқиғасында жарақаттанған полицейлердің ата-аналарына алғыс хат табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемнің алғашқы күні, 1 наурыз – Алғыс айту мерекесінде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары А.Әмзеев Қаңтар оқиғасында жарақаттанған полицейлердің жақындарына құрмет көрсету үшін үйлеріне арнайы барды. Елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде алдынғы шептен табылып, ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне және олардың ата-анасына алғысын білдірді. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қ.Дәлбековтың атынан алғыс хат табысталды.
– Алдағы уақытта сіздердей Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары тәртіп сақшыларының қатары артса деген тілекпен сіздерге және ата-аналарыңызға алғыс айтамыз! Азаматтардың қауіпсіздігі мен тынышы үшін бар күш-жігерлеріңізді салып, аянбай еткен еңбектеріңізді құрметтейміз. Отанға адал қызмет ету – қасиетті борышымыз. Біз Отанымызды қандай жағдайда болмасын, адал қорғауға ант бердік. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екенін атап өткенін ұмытпайық. Сіздердің бойларыңыздан сол қасиеттердің бәрі табылатынын ескере келе, полиция – қашан да елдің қорғаны болатынын марқая айтқым келеді. Сіздердей ер-азамат тәрбиелеп, өсірген ата-аналарыңызға айтар алғысымыз шексіз, – деді Алмас Балтабайұлы.
Өз кезегінде жарақат алған тәртіп сақшыларының ата-аналары да департаменттің басшылығы мен жеке құрамына осылайша арнайы көңіл бөлгені және қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс айтты.
– Тәулік бойы қоғам тыныштығын күзеткен сала өкілдерінің еңбегі орасан. Қылмысы аз қоғам, тұрғындардың тыныш ұйқысы – полиция қызметкерлерінің ерен еңбегімен тікелей байланысты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың іргетасына баланған алғыс айту мерекесіне орай барша тәртіп сақшыларына мың алғыс айтамыз, – деп тәртіп сақшыларының ата-аналары өз алғыстарын жеткізді.
Айта өтетін ақпарат, 2022 жылғы қаңтар айында орын алған арандатушылардың ойранына тойтарыс беріп, қызмет бабында ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Н.Танабай, Б.Тастемиров, Е.Есалиев, А.Алтынбек жарақат алған еді. Қазіргі таңда олардың біреуі емін үйінде қабылдауда, қалған үшеуінің саулықтары түзеліп, қайта қызметін жалғастырып жатыр.