Түркістан полицейлері жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты
Түркістан полицейлері жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Яғни, Ақсукент ауылындағы орталық көшелердің бірінде жол-көлік оқиғасы орын алған.
Белгілі болғандай, Hyundai көлігі қарсы жолаққа шығып, Toyota көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келтірілген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары Hyundai жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың «орташа дәрежесін» көрсетті. Аталған факт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша тіркелді.
Полицейлер жүргізушінің бұған дейін ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі) бойынша жауапқа тартылғанын анықтады. Сол кезде сот жергілікті тұрғынды жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған.
Бірақ өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші мас күйінде рөлге қайта отырған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.