Түркістан облысында тұрғынның үйіне мас күйде ұрлыққа түскен екеу құрықталды
Түркістан облысында тұрғынның үйіне мас күйде ұрлыққа түскен екеу құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ ауданы ПБ-ға пәтер ұрыларының құрбаны болған жергілікті тұрғын хабарласып, көмек сұраған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, белгісіз біреу үйіне ұрлыққа түсіп, дәнекерлеу құрылғысы мен қосымша темірлерін ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 60 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Хабар алысымен тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы күдіктілерді бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Оқиға орнымен қатар жақын аймақтардың барлығын жіті бақылап, мұқият тексерді. Полицейлердің жан-жақты жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде, күдікті ретінде екі ер адам анықталып, тұрғылықты жерлерінен ұсталды.
Белгілі болғандай, олардың екеуі де бұрын сотты болған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Анықталғандай, күдіктілер аталған пәтер ұрлығын мас халде жасаған. Яғни, жәбірленушінің үйінде ешкімнің жоқтығына көз жеткізген олар оңай олжаға кенелуді көздеген. Осылайша үйдің терезесін сындырып, ішіне кірген.
Содан соң көздеріне түскен бағалы заттарды шамалары келгенше алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды болған заттарды темір сататын жерге өткізіп, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.