Жамбылда ірі көлемде гашиш тасымалдайтын арнаның жолы жабылды
Жамбыл облысында ірі көлемде гашиш тасымалдайтын арнаның жолы жабылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 наурызда Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ішкі істер министрлігі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізу барысында Шу ауданы Төле би ауылының тұрғынын ұстады.
– Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында оның үйінен аса ірі мөлшерде гашиш табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, гашиштің жалпы салмағы 20 келіні құрайды. 36 жастағы азамат есірткі заттарын Нұр-Сұлтан қаласына жеткізумен айналысқан. Қазіргі уақытта осыған қатысты басқа да тұлғаларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деп хабарлады Жамбыл облысы Полиция департаменті ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Енді оған қатысты 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.