Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері офицерлердің өміріндегі аналардың рөлі жайлы ролик дайындады

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне арналған ролик дайындалды. Сюжеттік бейнематериалдар мерекеге арналған салтанатты жиында көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлердің аналары мен әжелерінің құрметіне түсірілген роликті тамашалағандар ду қол соғып, қуаныштың көз жасына ерік берді.

– Үнемі жұмыста болғандықтан, туыстарыңа көңіл бөлуге уақыттың орайы келе бермейді. Аналар офицер ұлдарын тағатсыздана күтеді. Кездесудің өзін ерекше бақыт деп санайды. Ананың аялы алақаны жаныңа жылулық сыйлайды, олардың қамқорлығы бойыңа күш беріп, рухтандыра түседі. 8 Наурыз қарсаңында баспасөз қызметі аумақтық бөліністер мен облыстық Полиция департаменті қызметкерлерінің қарт аналары мен әжелерін құттықтауы туралы ролик түсірді, – деп тоқтала кетті СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова.


Зәуре Мәдиева подполковник шеніндегі ұлымен кездесудің өзін ерекше бақыт деп санайды. Полицей қызметінің барлық қиындықтарына түсіністікпен қарап, үнемі қолдау көрсетеді. 75 жасқа келсе де көлікті өзі тізгіндеп, немерелерін баратын жеріне жеткізіп салады. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен әжей немерелерінің сабағына өзі көмектеседі. Ұлының күтпеген жерден келгеніне қуанған ана, мұны кез келген мерекедегі ерекше сый дейді.

– Ең бастысы, ұлдарымыз аман болып, үйлеріне оралғаны маңызды. Әрқашан елімізде тыныштық болсын, уайымдауға еш себеп болмасын, – дейді зейнеткер.


Айта кететін болсақ, полицейлер өздерінің аналары мен әжелерін күні бұрын құттықтайды. Себебі мереке күндері олар қызметтің күшейтілген түрінде жұмыс істейді.

СҚО ПД Әйелдер кеңесінің бастамасымен дайындалған әйел полицейлер туралы ролик көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болды.

– Біз олардың қызметтен қолы босамаса да, отбасында әйел-полицейлердің біреуге мейірімді ана, енді біреуге сүйікті қыз, өздерінің айналысатын сүйікті ісі бар жандар екендіктерін көрсеткіміз келді, – дейді Сәуле Андағұлова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру