Тәртіпсіздік кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінен қару ұрлағандар ұсталды
Тәртіпсіздік кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінен қару ұрлағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Сарысу ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ведомствоаралық жедел-тергеу тобының қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жаңатас қаласының тұрғынын ұстады.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту жүргізу кезінде үйінен үш автомат, 121 оқ-дәрі және бір газдан қорғанатын құрал (противогаз) алынды.
Тергеу барысында аталған атыс қарулары мен оқ-дәрілердің жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қоймасынан ұрланғандығы және осы қылмысқа тағы екі адамның қатыстылығы анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталып, сотпен бір күдіктіге қатысты үй-қамақ және екі күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды.