Маңғыстау полициясы интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін сақтық шараларын ескертеді
Маңғыстау полициясы интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін сақтық шараларын ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы алаяқтық қылмыстарға қарсы нақты шаралар қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында Маңғыстау облысы Полиция департаменті алаяқтықпен күресу бойынша қарқынды жұмыстар атқаруда. Полицейлер өңір тұрғындары арасында ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықты сананы улайтын түрлі айла-қулықтардан сақ болуға шақырады.
Ғаламтордың мүмкіндігін өзінің арам ойын іске асыру мақсатында пайдаланып жүргендер саны күн санап артуда. Интернеттегі алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Ең жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар.
Маңғыстау облысында өткен жылы 339 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, биыл жыл басынан қылмыстың осы түріне қатысты тұрғындардан 33 шағым келіп түскен. Қылмыстың бұл түрі карантиндік шаралар енгізілгенде күрт ұлғайып кетті. Ол дегеніміз, ақша табудың жеңіл жолын көздеген тұрғындар белгілі бір схема бойынша табыс тауып, қалталарын қалыңдатуды мақсат еткен.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті барша желі қолданушыларын, облыстың тұрғындарын сақтық шараларын ұстануға шақырады. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым ғана ережелерді сақтану қажет. Интернет алаяқтар өз операциясын бастамас бұрын жақсылап дайындалады. Тіпті толық әңгіме барысына дейін жоспарлап алады. Сондықтан белгісіз біреулер қоңырау шалған жағдайда бірден телефон тұтқасын қойған жөн. Интернет арқылы тауар алғанда танымал сайттарды ғана таңдау керек. Алдын ала төлем сұраса, бұл сіздің күдігіңізді тудыруы қажет.
Тағы бір ескеретін жайт, банкоматтан ақша алғаннан кейін немесе төлем терминалдары арқылы операция жүргізген соң түбіртектерді қалдырмау керек. Өйткені көбіне чектерде азаматтардың ұялы телефон нөмірі, ЖСН нөмірлері болуы мүмкін. Сондықтан сақтық ретінде түбіртектерді жойып немесе алып кеткен жөн.
Азаматтардың интернет-алаяқтық туралы әрбір арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Кез келген азамат жасына, тұрмыстық жағдайы мен ұлтына қарамастан осындай қолсұғушылықтың құрбаны болуы мүмкін. Құрметті азаматтар, өзіңіз немесе жақыныңыз алаяқтардың құрығына ілігіп қалған жағдайда дереу полицияға хабар берулеріңізді сұраймыз.