Қазығұрт полицейлері тұрғынның жоғалған бір үйір жылқысын тапты
Қазығұрт полицейлері тұрғынның жоғалған бір үйір жылқысын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын бос жайылымнан 11 бас жылқы жоғалғаны туралы арызданған. Арызданушы азамат алғашқыда үш күн бойы өзі іздеген. Содан еш нәтиже болмаған соң полицейлерден көмек сұрады.
Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған жылқыларды іздеу жұмыстары басталды. Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұқбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді. Жедел шаралар нәтижесінде, Қазығұрт ауданындағы шекаралық аймақтан, яғни 40 шақырым жердегі таулардың арасынан жылқы үйірі табылды.
Табылған жылқылар иесіне қайтарылып, жәбірленуші азамат полицейлерге алғысын білдірді.
– Мен 11 бас жылқымды жоғалтып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Олар бірден жылқыларымды тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рақмет, – деді ауыл тұрғыны.