Түркістан облысында ішімдік алу үшін ұрлық жасаған тұрғын ұсталды
Түркістан облысында ішімдік алу үшін ұрлық жасаған тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданы ПБ-ға ұрлық жайтының құрбаны болған жәбірленуші азамат арызданып келді. Онда өзі жұмыс жасайтын дәмхана ішінен Redmi телефонын белгісіз азамат жасырын түрде жымқырып кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді. Хабар алысымен түлкібастық сақшылар толық құрамда оқиға орнына жедел жетті. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді.
Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауға қажетті шаралардың барлығын атқарды. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті өз үйінен ұсталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Бүгінде ұсталған ер адамнан айғақты зат ретінде қолды болған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, кешкі уақытта күдікті ер адам мас халде дәмханаға кірген. Содан соң айналада ешкімнің жоқтығына көз жеткізіп, үстел үстінде тұрған телефонды жасырын жымқырған. Осылайша күдікті жымқырған телефонды базардың біріне бес мың теңгеге сатып, оған ішімдік алған.