Ақтөбеде пробация есебіндегі 2 сотталған даярлық курстан өтуде
Ақтөбеде пробация есебіндегі екі сотталған даярлық курстан өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық “Пробация” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінде есепте тұрған екі сотталған мұнай компанияларына жұмысқа орналасу үшін бес күндік даярлық курсын оқуда.
Оқу курсына жолдама алғандардың бірі: денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған Т. есімді азамат 2021 жылдың ақпан айында Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі есебіне алынған болатын. Ол істі болғанға дейін моторист мамандығы бойынша жұмыс жасаған, кейін тұрақты жұмыс болмағандықтан ата-анасының жалақысына күн көріп келген. Есепке алынған күннен бастап пробация қызметкерлерінің ықпалымен сотталғанға медициналық тегін көмек көрсетіліп, жөндеуші слесарь болып жұмысқа орналастырылды.
Пробация қызметінің есебінде тұрған және түзеу мекемелерінен босатылған сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Мұғалжар ауданы әкімдігінің қаулысымен бөлінген квотаға сәйкес жұмыспен қамту орталығының мамандары сотталған Р. есімді азаматты жергілікті жердегі мұңай компаниясына жұмысқа орналастыру үшін оқыту курсын бастап кетті.
Тұрақты жұмысқа жолдама алған екінші сотталған С. ақпан айынан бастап пробация қызметінің есебінде тұр. Қаңтар айында Орал қалалық сотының қаулысымен бас бостандығынан айыру орнынан үш жыл 9 ай шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған сотталғанға пробация қызметкерлері есепке алынған күннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін түсіндірді. Істі болғанға дейін ол слесарь дизилис, тепловоз машинист көмекшісі мамандықтары бойынша әр түрлі мекемелерде жұмыс жасаған.
Мұғалжар ауданы әкімдігінің қаулысымен бөлінген квотаға сәйкес жұмыспен қамту орталығының мамандары сотталған С мен де жергілікті жердегі мұңай компаниясына жұмысшы ретінде жұмысқа орналастыру үшін оқыту курсын бастап кетті.
– Бұған дейін квота бойынша тұрақты жұмысқа жолдама алған екі сотталған да пробация қызметкерлерінің ықпалымен жергілікті ауруханадан тегін медициналық тексерістен өтті. Жалпы пробация есебінде тұрған сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамтудағы мақсат – олармен жасалуы мүмкін қылмысқа жол бермеу, алдын алу. Сонымен қатар, сотталғандардың отбасыларын тұрақты жалақымен қамтамасыз етуіне және қоғаммен араласуына ықпал ету, – дейді Мұғалжар аудандық №1пробация қызметі бастығы Гүлсезім Ешмагамбетова.