Қарағанды тұрғыны павлодарлық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты
Қарағанды тұрғыны павлодарлық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына мерекеден кейінгі күні жолда қалған азаматтардан кезекті алғыс хат келіп түсті.
Боран кезінде жолға шығу – үлкен қауіп. Бұл, әсіресе, көлігінде балалар бар жүргізушілерге қатысты. Бақытымызға орай, Қарағанды қаласының тұрғыны Сырым Көрпешовтың отбасы үшін осы сапар сәтті аяқталды.
– Екібастұз ауданы Шідерті кентінің маңында Семей-Қарағанды тас жолында келе жатып, көрінудің нашарлығынан көлік апатқа ұшырады. Көлік ішінде кішкентай балалар болған. Көліктің бұзылу себебінен ары қарай жүре алмадық. Мен отбасымды уайымдай бастадым. Сыртта суық, ештеңе көрінбейді, көлік бұзылған. Бірақ сол кезде көлікпен Шідерті ауылының полиция қызметкері Қуандық Рахметов келді. Бізді құтқарғаныңыз үшін рақмет, – деп жазды Сырым Көрпешов.
Көмекке Шідерті ауылының полиция бөлімінің бастығы Қуандық Рахметов пен жедел-құтқару жасағының бастығы Р.Ысқақов келді. Адамдарды өз көлігіне отырғызып, оларды полиция бөлімшесіне апарды, сонда олар жылынып, балаларды тамақтандырды. Ауа райының қолайсыздығынан құтқарылған азаматтар полиция мен құтқарушыларға алғыстарын білдірді.