Алматы облысында бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікті қамауға алынды
Алматы облысында бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері үш аптаға жуық хабар-ошарсыз жоғалған жас әйелдің өлімін ашты. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен оның бұрынғы күйеуі ұсталды, қазір қамауға алынды.
Қайғылы оқиға Көксу ауданының Ақшатоған ауылында орын алды. Онда 7 наурызда жалғыз өзі жас бала тәрбиелеп отырған 25 жастағы әйел із-түссіз жоғалып кеткен. Хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз аудандық полицияға 9 наурызда келіп түсті, бірақ оны іздеуден еш нәтиже болмаған.
24 наурызда оның 29 жастағы бұрынғы күйеуі жауапқа алынды. Нәтижесінде, ер адам қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Алдын ала болжам бойынша, ол әйелін қызғаныштан өлтірген. Жәбірленушінің денесі жерленген орын қызметтік-іздестіру иттің көмегімен ауылдың шетінде табылды.
Ұсталған азаматтың айғағы бойынша, ол әйелімен ажырасып, Талдықорғанда тұрған. Ол баланы көру үшін келіп тұрған. Ал 7 наурызда мас күйінде болып, олардың арасында жанжал туындап, аяғы әйелді өлтірумен аяқталған.
Тергеу ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша жүргізілуде.