Түркістанда жігіт қонаққа барып, телефонсыз қалды
Түркістанда жігіт қонаққа барып, телефонсыз қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Оның айтуынша досының үйінде қонақта отырған сәтінде танысы Redmi телефонын сұрап алып, қайтарып бермеген. Осылайша жәбірленуші азамат 150 мың теңге шығынға батқан.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеп, қылмыстық істі ашуға бағытталған шараларды жедел түрде жүргізді. Орын алған қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Нәтижесінде, полицейлер күдікті жігітті өз үйінен ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден айғақты зат ретінде қолды болған телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде. Белгілі болғандай, жәбірленушіні жолдасы үйіне қонаққа шақырған. Сол сәтте жолдасының танысы оның телефонына қызығып, бере тұруын сұраған. Содан телефонды алған соң оны иесіне бергісі келмей, өзіне иемденіп алған.