Шымкентте мұғалімдер мектеп инспекторына алғыс айтты
Шымкентте мұғалімдер мектеп инспекторына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№50 мектеп-гимназиясына бекітілген Абай ауданының Полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Еламан Сабиралиев балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі түрде оқушылар арасында арнайы профилактикалық әңгімелер, сабақтар, дәрістер өткізеді. Сондай-ақ, полицей күн сайын балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізеді.
Дәл осы мақсатта тәртіп сақшысы күн сайын сағат 07:30-дан 09:30-ға дейін, 12:30-дан 14:30-ға дейін, 17:30-дан 19: 30-ға дейін мектеп алдында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелінде кезекшілік етіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Жамбылованың айтуынша, полиция қызметкері Еламан Әмірханұлы оқушылармен оңай тіл табысып, қызметтік міндеттерін жақсы атқарады.
– Абай ауданы Полиция басқармасынан біздің мектепке бөлінген инспектор Еламан Сабыралиевпен бірлесіп оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және жол жүру ережелерін түсіндіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мектебімізге осындай жауапкершілігі күшті мектеп инспекторы бекітілгеніне алғысымды айтамын!, – дейді Ұлжан Адырханқызы.