Павлодарда 25 айыппұлы бар жүргізуші анықталды
Павлодарда 25 айыппұлы бар жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасының үш күнінде борышкерлерден 17 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алынды. Қасақана төлемеген 12 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Пәтерлерді аралау барысында полицейлер әкімшілік айыппұлдар бойынша, оның ішінде автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдармен тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша берешегі бар екі мыңнан астам құқық бұзушыларды аралады. 10 мың SMS-хабарлама жолданды.
Алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты – ЖҚЕ бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігі, сондай-ақ қолданылған жазаны орындамағаны үшін құқық бұзушылар арасында жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтау.
– Мысалы, Павлодар қаласының 28 жастағы тұрғынына қатысты өткен жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 25 әкімшілік хаттама жасалды. ГАЗ көлігін басқарған жас жігіт жылдамдық режимін сақтамаған, қауіпсіздік белдігін тақпаған, жаяу жүргіншіні өткізбеген. Жалпы, павлодарлықта 400 мың теңгеден астам сомаға 25 айыппұл бар. Қаскүнемді полицейлер Павлодар қаласының Нұрмағамбетов – Қамзин көшелерінің қиылысында ұстады. Көлік айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Полиция тұрғындарға айыппұлдарды келесі тәсілдермен тексеруге және төлеуге болатындығын еске салады. Электрондық үкімет порталының көмегімен онлайн режимде egov.kz., сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелерінде және мобильдік қосымшалардағы интернет-сайттар арқылы онлайн-төлем жасау qamqor.gov.kz, Kaspi.kz, egov.kz. айыппұлдарды интернет-сайт арқылы тексеру кезінде сіз «өз айыппұлдарың туралы біл» бетбелгісіне кіресіз, әрі қарай көлік иесінің ЖСН-ін енгізіңіз, және фото-бейнетіркеу жүйелерімен тіркелген бұзушылықтар болған жағдайда, сол жерде бұзушылықтар деректерінің фотосуретін басып шығаруға болады.