Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне дастархан жайды

Түркістандық полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне дастархан жайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері өмірдің сынағына тап болып, ата-анасынан ажырап қалған балаларға үнемі қолдау білдіреді.

Мәселен, Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының ұйымдастыруымен Төлеби ауданы отбасы үлгісіндегі балалар үйіндегі ұл-қыздарға арналып ақ дастарқан жайылды. Кездесу кезінде балалар да келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті. Олар қазақтың күйлерін тартып, елді өздеріне сүйсінтті.

Шара соңында Түркістан облысы ПД Көші-қон басқармасының бастығы Есенғали Бейсебаев сөз сөйледі.

– Сіздер бір үй болсаңыздар, біз бір басқармамыз. Барлығымыз бірдей ат салысып келіп отырған жайымыз бар. Өзіміз ғана келмей, балаларға сый-сияпат ала келдік. Бүлдіршіндерімізге арнайылап алынған спорттық киімдерді табыстауға рұқсат етіңіздер! Алдағы уақытта тек жақсы күндеріміз, жақсы сәттеріміз көп болсын! Тек жақсылықта жолығайық, – деді Түркістан облысы ПД Көші-қон басқармасының бастығы Есенғали Бейсебаев.

Балалар үйінде бүгінде кәмелет жасына толмаған 52 бала тәрбиеленуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларды мерекемен құттықтап, оларға қуаныш сыйлап, көңіл-күйлерін көтеру. Мәз-мейрам күйде қуанып жүрген бүлдіршіндер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Бір күндік шара балалардың бойларына рухани азық берді. Алдағы уақытта мұндай шаралар полиция тарапынан жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру