Түркістан облысында шекарадан өтпек болған шетелдіктің шұлығынан есірткі табылды
Түркістан облысында шекарадан өтпек болған шетелдіктің шұлығынан есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, аталған шекара бекетінен өту кезінде Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға қарай өтіп бара жатқан орта жастағы ер азаматқа Кароша атты қызметтік ит үріп, белгі берген.
Содан шекарашылар бірден жедел тергеу тобын шақырады. Сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден құралған жедел уәкілдер ер адамның Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтады. Оқиға орнына кеткен полицейлер күдіктіні тінту кезінде шұлығынан есірткі тектес затты тәркілеп алды.
Алынған зат сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың үш грамға жуық гашиш екені расталды.
Аталған дерек ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда шетел азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде күдікті қамауға алынды.