Түркістан облысының тұрғыны сеніп тапсырылған заттарды жасырын сатып жіберген
Түркістан облысының тұрғыны сеніп тапсырылған заттарды жасырын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөліміне жеке кәсіпкер әйелден шағым түсті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, өзінің дүкеніндегі бағалы киімдерін белгісіз біреулер жымқырып кетіп, 100мың теңгеге жуық шығын келтірген.
Хабарлама түскен мезетте отырарлық тәжірибелі тәртіп сақшылары орын алған қылмысты ашып, кінәліні анықтауға қатысты шараларға кірісті. Куәлардан жауап алды, жақын аймақтарды мұқият тексерді. Полицейлердің жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде, күдікті ер адам анықталып, ұсталды. Ол аталмыш дүкеннің жұмысшысы, жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, дүкен иесі өзінің жұмысшысына сатылымға қойылған заттарды сеніп тапсырған. Алайда күдікті өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзге тұрғындарға сатып жіберген. Күдікті өз сөзінде бұл әрекетке қарыздарын жабу үшін барғанын жеткізді.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеді. Бүгінде күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.