Петропавлда полицейлер мен құтқарушылар жардан құлап түскен бойжеткенді құтқарды
Петропавлда полицейлер мен құтқарушылар жардан құлап түскен бойжеткенді құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің арғы жағасында жатқан адамды байқап қалып, бұл туралы «102» арнасына хабарлайды. Ақпарат жақын маңда патрульде жүрген Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының полинспектор Ерік Жетібаев пен аға инспектор Төлеген Алдабергеновке берілді. Оқиға орнына келген полицейлерге адам жатқан орынған апаратын жолды арғы жағада жүрген қала тұрғыны айтып отырды.
– Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан өзен жағасын түстік. Жағада жатқан адам қыз бала екен. Қатты тоңып қалмас үшін оған сырт киімізді жауып, орап, жоғарыға көтеруге тырыстық. Алайда жағадағы балшық аяқ аттатпады. Рация арқылы жағдай туралы Жедел басқару орталығына баяндап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруды сұрадық, – дейді Төлеген Алдабергенов.
Құтқарушылар оны арнайы платформаға салып, барлығы бірге жар үстіне қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетті.
Анықталғандай, 18 жастағы бойжеткен Жеңіс саябағы ауданында жардан құлап кеткен. Абырой болғанда, қыз аман. Жақындарына оралды.