Түркістан облысында әріптесінің атынан млн теңге несие рәсімдеп алған әйел құрықталды
Түркістан облысында әріптесінің атынан млн теңге несие рәсімдеп алған әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу несие алып, бір млн теңге шығын келтірген. Бір айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деген хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.
Аталған жайтты созақтық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Созақ АПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Алаяқтық жасаған жас әйел жергілікті тұрғын және жәбірленушінің жұмыстағы әріптесі болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек жәбірленушінің телефонын қоңырау шалу үшін сұрап алып, сол сәтте банк қосымшасына кіріп, несие рәсімдегені белгілі болды. Содан алаяқ тұрғынның есепшотына түскен ақшаны өзіне аударып, қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.