Сайрамдық тұрғын танысын 1,5 млн теңгеге алдап кетті
Сайрамдық тұрғын танысын 1,5 млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, ескі танысы өткен жылы таныстарым бар, жаңа салынған үйіңнің құжаттарын тез арада заңдастырып беремін деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 1,5 млн теңгесін алғанын хабарлады. Яғни бір жылдан астам уақыт өтсе де, уәде орындалмаған, не ақшасы қайтарылмаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті барлық шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол Полиция басқармасына жеткізілді.
Ұсталған ер адам жергілікті тұрғын болып шықты. Сондай-ақ, сайрамдық полицейлердің анықтауынша, күдікті алаяқтық жолмен алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.