Тараздық оқушылар Кинология орталығының жұмысымен танысты
Тараздық оқушылар Кинология орталығының жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кинологиялық қызмет орталығында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Есірткісіз Қазақстан» акциясын өткізді.
Іс-шараға №10 орта мектептің және үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушылары, волонтерлар қатысты.
Полицейлер Кинологиялық қызмет орталығында экскурсия барысында оқушыларға қызметтік-іздестіру иттерін көрсетті, олардың қылмыскерлерді ұстау кезіндегі іс-әрекеті туралы айтты. Балалар кинологтарды мұқият тыңдап, қызықтырған сұрақтарын қойды.
Сондай-ақ, олар тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшілерінің көрсетілімдерін тамашалады. Қызметтік иттер есірткі заттарының жасырын имитаторларын іздеді және шартты «қылмыскерлерді» ұстады.
– Акция барысында жамбылдық полицейлер оқушыларға есірткі мен синтетикалық есірткіні қолданудың зияны мен оның салдары туралы айтып берді. Акцияның басты мақсаты синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің пайда болу қаупіне назар аудару, сондай-ақ салауатты өмір салтын жүргізу қағидаттарын қалыптастыру болды, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.